Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани қазынасы
Тіл – ұлттың жаны, халықтың рухани қазынасы
5 қыркүйек – Қазақстан халқының Тілдер күні қарсаңында Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледжінде тағылымы мол іс-шара өтті.
Қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінің циклдік әдістемелік бірлестігі колледж кітапханасымен бірлесіп, 1-курс студенттерінің қатысуымен тіл мерекесіне арналған танымдық іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шара барысында студенттерге бұл күннің кездейсоқ таңдалмағаны түсіндірілді. 5 қыркүйек – ұлт ұстазы, қазақ тіл білімінің негізін қалаушы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні. Алаштың ардақты тұлғасы қазақ әліпбиін, төте жазуды қалыптастырғаны, ана тілінің ғылым ретінде дамуына өлшеусіз үлес қосқаны, сонымен қатар қазақ баспасөзінің қалыптасуына жол ашқаны, «Қазақ» газетін шығарғаны жайлы айтылды.
Іс-шара барысында УРЯ-3-23 тобы колледж студенттерімен бірге тіл мен ұлтқа қатысты мақал-мәтелдер айтып, жұмбақтар жасырды, өлеңдер оқып, ана тілінің қадір-қасиетін дәріптеді. Әрбір қойылған сұрақ пен айтылған өлең – студенттердің туған тілге деген құрметін арттырып, ұлттық құндылықтарды тереңірек сезінуге мүмкіндік берді.
«Тіл тазалығы – ұлт тазалығы». Тіліміз тұғырлы, ұлтымыз ғұмырлы болсын!