«Мамандықтардың цифрлық трансформациясы: колледж түлектері үшін жаңа мүмкіндіктер»
2026 жылғы 15 мамырда М. Жұмабаев атындағы жоғары колледжде «Мамандықтардың цифрлық трансформациясы: колледж түлектері үшін жаңа мүмкіндіктер» тақырыбында 2025-2026 оқу жылы түлектері үшін «Жұмыс орындар жәрмеңкесі - 2026» өтті. Оған білім беру саласындағы мемлекеттік кадр саясатын іске асыру бөлімінің бас маманы Айтхожина Жаңагүл Армияқызы, Петропавл қаласы Мансап орталығы сектор басшысының міндетін атқарушы Богоналимов Дамир Керейбаевич, мемлекеттік қызмет агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің бас маманы Балтабаев Мадияр Қаирханович, облыс пен қала білім бөлімдерінің мамандары, мектеп және балабақша басшылары, тілдерді дамыту орталығы, сондай-ақ еңбек мобильдігі мен мансап орталықтарының өкілдері қатысты. Ағымдағы оқу жылында колледжде оқитын түлектердің саны 415 адамды құрайды, оның 297-і педагогикалық мамандықтар бойынша білім алушылар. Білікті педагогикалық кадрларды таңдауға аудандық, атап айтқанда, Қызылжар, Шал ақын, Айыртау, Ғабит Мүсірепов, Жамбыл, Мағжан Жұмабаев, Тайынша аудандарының өкілдері және қалалық 10 мектептердің әкімшіліктері үлкен қызығушылық танытты. Колледж бен мекемелердің әлеуметтік ынтымақтастығы аясында «Жұмыс орындар жәрмеңкесі-2026» іс-шарасына 30-дан астам білім беру ұйымдарының өкілдері мен жұмыс берушілері қатысты. Білім беру саласындағы мемлекеттік кадр саясатын іске асыру бөлімінің бас маманы Айтхожина Жаңагүл Армияқызы мектеп бітірушілерге педагогикалық мамандықтардың жаңа талаптарымен байланысты жұмысқа орналасу ерекшеліктерін түсіндірді, түлектерге ПББ тапсыру ережелерімен таныстырды. Жаңадан келген мұғалімдерге еңбекақы төлеу шарттарымен және қала мен облыстың білім беру ұйымдарындағы бос орындармен таныстырды. Петропавл қаласы Мансап орталығы сектор басшысының міндетін атқарушы Богоналимов Дамир Керейбаевич болашақ педагогтерге мамандықтардың цифрлық трансформациясы және колледж түлектері үшін жаңа мүмкіндіктер туралы сөз сөйлеп, оларға кәсіби дамуды жоспарлау, заманауи дағдыларды меңгеру және еңбек нарығындағы сұранысқа сәйкес өз мүмкіндіктерін арттыру бойынша нақты кеңестер берді. Білім алушылар жұмыс берушілермен әңгімелесіп, түйіндемелерін қалдырып, кеңестер, түсініктемелер алып, байланыс мекен-жайлары, ұялы телефондарымен алмасты.