Сексенбай Ұлдай Әскербекқызы

25.12.2020

КЕЛЕШЕК ҰРПАҚ СӘУЛЕТШІСІ
Әр баланың өсе келе өз қызығушылығының пайда болуы - заңдылық. Дегенмен де, тал бесіктен жер бесікке дейінгі адам өміріндегі тәрбиенің бастапқы ұйытқысы отбасы екеніне еш күмән жоқ. Кішкентайымнан ата-ана баласын қалай тәрбиелесе, бала да сол жолға ақырын бейімделе бастайды. Бұлай деуімнің өз себебі бар. Мен сол ыстық балалық шағымнан көріп, біліп өскенім - айналама, соның ішінде табиғатқа деген аса бір үлкен махаббатпен сүйіспеншілік. Бұған, әрине, әкемнің ықпалы өте зор деп ойлаймын. Әкем агроном қызметін атқарады. Ес білгелі мені әкем жанына ертіп табиғатпен сырласуға, құрметтеуге, күтіп баптауға баулып келеді. Отбасымыздағы мейірімділік пен ата-анамыздың перзенттерінің бойына сіңірген тәлім-тәрбиесі мені болашақ тәрбиеші мамандығын таңдауыма да себепкер болды.
«Әр адамға – өз тағдыры бұйырады» деген бар. Мен ер жетіп, аяулы мектебімді аяқтап, қолыма алғаш білім құжатын алып, еліміздің теріскей жағында орналасқан, ақ қайыңдар өлкесі Петропавл қаласына, «Серпін - 2050» бағдарламасы бойынша оқуға түстім. Қуана-қуана билетімді алып, мың шақырым жерді артқа тастап, табиғатында өзіндік бір ерекшелігі бар, жап-жасыл орманды мекенге, ауасы кең, бидайы жайқалған өңірге ат басын тіредім.
Мәңгі лаулап жану үшін ғаламда,
Үлкен бақыт табу үшін ғаламда,
Үлкен болып қалу үшін ғаламда,
Үлкен арман керек екен адамға,- деп Мұхтар Шаханов ақынымыз жырлағандай, бұл менің үлкен армандарымның бірі еді.
Әркез кітаптан оқып, теледидардан көріп, әлеуметтік желілерде байқап жүрген аймақта, ұлт болашағы үшін күрескен, рухты жырларымен халықты жігерлендіріп, барша түркі еліне аты белгілі болған дара ақын Мағжан Жұмабаев туып-өскен жерде, оның есімімен аталатын ширек ғасыр тарихы бар оқу орнында оқу – бұл маған тағдырымның бұйыртқан бағы. Міне, осылайша балалық кезімнің қиялы арманға, арманым мақсатқа ұласты.
Алғашқы күндерден бастап зор жауапкершілікті сезініп, колледж өміріне белсене араласып кеттім.Жаңа достар таптым. Білікті ұстаздарым мені жылы қарсы алды. Анамдай болып жүрген мейірімді топ жетекшіммен таныстым. Бүгінгі күні студенттер арасындаүздіктер қатарындамын. Колледждегі мерекелік кештерге ыстық ықыласпен қатысып тұрамын.Колледжішілік «Инабат» қыздар клубының мүшесімін. Сонымен қатар, қаладағы Ерік Асқаров атындағы жас ақындар орталығының шәкіртімін, түрлі мәнерлеп оқу сайыстарының жеңімпазы да аталдым. Ата-анам, туғандарым мені мақтан тұтады. Әкем мен анамның мейірімі, кішіге қамқор, үлкенге құрмет көрсетіп өсіргені мені үлкен жауапкершілікке меңзейді. Мен Мағжан ақын өлеңдерін сахнада оқып тұрғанда, тура сол ақынның өзі келіп мені тыңдап отырғандай сезінемін! Бұл мені Мағжан сенген жасына лайық болу жолындағы игі мақсатқа жетелейді! Білімге деген ұмтылыс, болашаққа деген махаббат өмір деген көпірден сүрінбей өтуіме ықпалын тигізеді! Өйткені мен таңдаған жол анық! Ол жол – кішкентай адамды үлкен жолға жетелеу, бағдарлау. Мен еліміздің болашағы баланың – тәрбиешісімін!
Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев: "Қазақстанда 2020 жылды мен еріктілер жылы деп жарияладым. Бұл ел ауқымында игі істер уақыты болады. Мен барлық адамдарды, жасына қарамастан, әсіресе сізді, Президенттік резервке қатысушыларды еріктілер жылының іс-шараларын іске асыруға тікелей қатысуға шақырамын. Бұрын олар еріктілер немесе жақсы еркі бар адамдар деп аталды. БҰҰ бағалауы бойынша, бүкіл әлем бойынша миллиардқа жуық адам өз уақытын волонтерлік қызметке арнайды. Волонтерліктің әлемдік ЖІӨ-ге қосқан үлесі шамамен 2,5% - ды құрайды"- деп ерекше атап өткен еді. Осы ой мені бала күнгі қызығушылығыма үлкен шабыт беріп мені Петропавл қаласындағы «Жас Эко-Еріктілер» клубына алып келді. Клубтың қызметі көмекке мұқтаж адамдарға көмек қолын созуға, қала мен облысты көгалдандыруға, ірі ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруға, жәрдемдесуге бағытталған. Бізжасыл сақшылар командалары ұйымдасып, тазалықты сақтауға көмектесеміз.Өйткені адам үшін табиғат – ең қасиетті де қастерлі ұғым.Табиғатты қорғау, аялау әр адамның міндеті. Үлкен - кіші әрдайым оны таза ұстап, құрмет тұту қажет. Оның бізге қаншалықты қажет екені баршамызға мәлім.
Қазіргі экологиялық мәселелер бүкіл адам баласын ойландырып отырған кезде халқымыздың бұл салада қалдырған тағылымдық та, тәрбиелік те мәні зор асыл мұраларына көңіл бөлуді, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2030 жылға дейінгі стратегиялық даму бағдарламасында қоршаған ортаны ластауға, экологиялық қалыпты жағдайды бүлдіруге жол бермеуге зор көңіл бөлінгендіктен, балаларға экологиялық білім беріп, табиғатты қорғауға тәрбиелеу бүгінгі күннің кезек күттірмейтін өзекті мәселелерінің бірі болып табылатындығын атап өткен болатын.Сондықтан да, әрбір ұстаз, әрбір тәрбиеші өзінің күнделікті жұмысында халықтық педагогиканың асыл маржанына үнемі көңіл бөліп, әрі оны пайдаланып отыраулары тиіс. Мен де болашақ балабақша тәрбиешісі ретінде қоршаған ортаны таза ұстауға өз пайдамды келтірсем, менің алдыма келетін әр бүлдіршін менен көргенді үлгі алатыны сөзсіз. Өйткені мен де оны әкемнен көріп өстім. Сондай-ақ, қазіргі таңда табиғат тағдыры ешкімді де тебірентпей қоймайды.
«Табиғатты қорғау – болашақты қорғау» ұранын ұстана отырып, балаларды өзі туып өскен елдің табиғатынадеген сүйіспеншілікке, оның әсемдігін терең сезінуге, өсімдіктер мен жануарларға қамқор бола білуге жетелеуді мақсат етемін. Бұл мақсатымның жемісін де байқап жүрмін. Мен қаладаға «Алтын бесік» балабақшасынан тәжірибеден өтіп жүрген кезімде бүлдіршіндермен «Жайқалсын жасыл желек» атты экологиялық жобасына қатысып, аулада қылқан жапырақты ағаштар отырғызуға көмектестім. Мен сол кезде балалардың шын мәнінде аппақ, тап-таза жүректерін, бал-бұл жайнаған жүздерін көріп, өзімнің осындай періштелердің жанында жүргеніме қатты қуандым. Олардың ыстық махаббатпен ағашты аялап, қатты тиіп кетсе, бұтақтарын ренжітіп алатындай көріп, су құйып, сөйлесіп, мейірім танытқандары барлық тәрбиешілерді елжіретпей қоймады. Бәріміз де қатты қуандық. Міне, осындай жобалар алдағы уақытта жалғасын табады деген ойдамын.Жас жеткіншектердің бойына табиғатты аялау арқылы мейірімділік ұяласа, жүрегі жылулыққа, мейірімге толы жанның қоршаған ортаға зиянын тигізуі мүмкін емес екеніне сенемін!
«Біз табиғаттың өзін қайта түлететін ұрпақпыз. Жер, су, ауа – адам баласының ұрпағынан ұрпағына мұра болып келе жатқан мол қазына… Әрбір ағашты, әрбір бұтақты, жалғыз дәнді де ыждағаттылықпен сақтау, қамқор болу – басты міндеттің бірі» деп атақты Ыбырай Жақаевайтқандай, қоршаған ортаны аялай білу, бүлдіршіндерге үлгі болу менің де перзенттік парызым.
«Табиғаттағы барлық жылу - күннен,Өмірдегі барлық жылу – адамнан» дейді ұлылар. Ендеше, мен болашақ тәрбиеші ретінде жаһандану теңізіне желкенін жайған мемлекетіміздің ертеңгі күні алға бастайтын мықты ескегі болатын тәрбиеші мамандығымды мақтан тұтамын!
Бейбіт күнде сыйлаған далам - гүлін,
Мен сыйлаймын адамның адамдығын.
Өнегелі ерекше құштарлықпен
Таңдағанмын , белсенді өмір салтын.
Жаңа өмірдің жырлаймын дастан – әнін,
Еш мұқалған емес қой бақ – талабым.
Білімім бар, жігер бар, жастығым бар,

Болашаққа сеніммен аттанамын.


Колледжге тапсырылатын құжаттар:

-Білімі туралы құжат (түпнұсқа)
-Медициналық анықтама (075У-формасы)
-4 сурет (3х4)

Документы для поступления:

-Документ об образовании (подлинник)
-Медицинская справка (075У)
-4 фотографии (3х4)

Петропавл қ., Абай к-сі, 28 үй

г. Петропавловск, ул. Абая 28

тел: 49-42-45, +7 777 894 2318

e-mail: colmagzhan@mail.ru

 collegemzhumabaeva, +7 777 894 2318

 


Текст