2021 жылдың 14 ақпаннан 4 наурыз аралығында «Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж» КМҚК оқу орнының 100 жылдық мерейтойына орай және Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында колледждің оқу-тәрбие қызметімен таныстыру, оқушылардың лингвистикалық қабілеттері мен тілдік құзыреттіліктерін анықтау, кәсіби бағдар жұмысын жүргізу мақсатында облыс мектептерінің 9-11 сынып оқушылары арасында көптілді онлайн олимпиада өткізді.
Олимпиада 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде оқушылар «Менің болашақ мамандығым», «Менің Тәуелсіз Қазақстаным», «Тілім менің – таусылмайтын байлығым» тақырыптарында қазақша, орысша және ағылшын тіліндерінде сырттай эссе жазды.
3 наурыз күні көптілді онлайн олимпиадасының 2 кезеңі өткізілді. Эссе жазып, тіркеуден өткен оқушылар қашықтықтан үш тілде лексико-грамматикалық тест тапсырмаларын орындады.
Жалпы өтінім білдірген оқушылар саны -185, 2-ші кезеңде тест тапсырмаларын орындағандар – 165, оның ішінде қазақ тілі - 65 оқушы, ағылшын тілі - 40 оқушы, орыс тілі - 60 оқушы қатысты.
Балалардың жұмыстарын колледж оқытушылары мен Петропавл қаласының жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдерінен құралған қазылар алқасы бағалады.
Көптілді олимпиада жеңімпаздары І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдармен марапатталды және сертификаттар берілді.
Олимпиада қатысушыларын марапаттау соңында колледж оқытушылары 2020-2021 оқу жылына кәсіби бағдар жұмысын жүргізіп, мұғалімдер мен оқушылардың сауалдарына жауап берді. Қатысушылар және олардың жетекшілері тарапынан жақсы лебіздер, пікірлер айтылып, колледж әкімшілігі мен ұйымдастырушы оқытушыларға алғыс білдірді.