Ахметжан Тауекел Ахметжанқызы

25.12.2020

ӨМІРІҢДІ БАЙЛЫҚ ҚЫЛ — ПАЙДАСЫ БОЛСЫН ІЗГІЛІК
Ахметжан Тәуекел Ахметжанқызы
«Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледж» КМҚК
0105000 «Бастауыш білім беру» мамандығының 3 курс студенті

Өмір жайлы толғанбаған, сырлы қаламымен жырламаған ақын-жазушы дүниеде жоқ шығар, сірә?! «Мен кіммін, тағдырым немен байланысты, өмірдің мәні неде?» деген сан алуан ойлар бүгінгі күні барша адамзаттың көкейіндегі сауалдар. Ол туралы философтар, ғалымдар, ұлылардың бір-бірінен ерекшеленетін тұжырымдары да жоқ емес.
Менде де сіздермен өзімнің көзқарасым, өмірдің мәні неде екені жайлы бөліскенді жөн көрдім. «Тәуекел - түбі жел қайық, өтесің де кетесің» керемет ой, толғаулы түйін, мен жайлы айтылып тұрғандай.
Мен, Ахметжан Тәуекел Ахметжанқызы киелі сыр елі, жыр елі, қасиетті Қызылорда өңірінде дүниеге келдім. Өмір есігін ашқан маған ата-анам «Арманы асқақ, ойлаған мақсатына жететін, тәуекелге бел буатын алаштың қызы болсын» деп есімімді Тәуекел деп қойған екен. Бұл есімнің өзі әр күнімде жаңа істің басында жүруіме үлкен жауапкершілік артатын жақсы түсінемін.
Сонау Қызылордадан Мағжандай ақыны, Сәбит пен Ғабиттей жазушысы, Қожаберген жыраудай батыры бар өңірге, ақ қайыңдар өлкесіндегі Қызылжар еліне келіп, Мағжан Жұмабаев атындағы жоғары колледждің «Бастауыш білім беру» мамандығы бойынша оқуға түстім. Бүгінгі күні осы оқу орнының 3 курс студентімін. Менің өмірлік бағдарым – жарқын болашақ, бағындырар белесім – айқын мақсатым. Мен ешкімнің қолынан келе бермейтін жеңіске жетсем деймін. Ол үшін таңдаған мамандығымның қыр-сырын игеру қажеттігін анық білемін. Мамандыққа деген сүйіспеншілік өзіме деген сенімімді одан сайын арттыра түседі.
Менің мамандық таңдауыма себепші болған адам — алғашқы асыл ұстазым Ұлдана Темірбекқызы. Ол кісінің көзінен балаға деген мейірімді, жылулықты, бір ерекше махаббатты көретінмін. Сол бір ерекше жылуы бар сезім мені ұстаздар әлеміне жетелей берді.
«Ұстаз… жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын… алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі…, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ…, жұрттың бәріне… жақсылық пен ізгілік көрсетіп…қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек» деп ғұлама Әл-Фараби бабамыз ұстаздың қандай болу қажет екенін сол заманда-ақ белгілеп кеткені анық. Менде өз мұғалімім, бүгіндері білім беріп жүрген ардақты оқытушыларым секілді бала жанына мейірімділік ұялатып, бала өмірінің алғашқы баспалдағына өз үлесімді қосқым келеді.
Қоғамның үнемі өзгеріс үстіндегі жаһандану заманында ұстазға жүктелер міндеттің салмағы жеңіл емес. Қай кезде болмасын рухани ой-өрісі дамыған, шығармашылық тұрғыдан жаңа педагогикалық инновациялық технологияларды меңгерген, осы күні тиімді оқыту мен бағалау, ғылыми зерттеулер жұмыстарын таңдай білген, болмысы өзгеше, жан-жақты ұстаз ғана келешек ұрпақты дұрыс жолға бағытай алады. Бүгіндері өзім тәжірибеден өтіп жүрген кезде біраз жұмыстың қыр-сырын меңгеріп те жүрмін. Сабақ беру барысында мектеп оқушыларының математика пәнінен логикалық есептерді шығаруда қиындықтар туындайтынын байқап жүрмін. Осы мәселені шешу үшін «Логика қисынды ойлау» жобасын қолға алғым келеді. Мұндағы мақсатым балалардың табиғи мүмкіндігін, шығармашылық қабілетін, білімге деген қызығушылығын, танымдық көзқарасын жетілдіру және оны өз қажеттілігіне қолдана білуге дағдыландыру. Логикалық ойлай алатын баланың көкейінде «кім? не?» деген сұрақтардан басқа «қалай? не үшін? не себепті? не мақсатта?» деген сұрақтар көптен-көп туындап отыруы керек деп ойлаймын.
Менің есімде қалған бала кезімдегі анаммен болған әңгімем есіме жиі түседі. Бірде кешкі уақытта анаммен серуендеп жүргенде, аспандағы жұлдыздар туралы сұрадым. «Осы аспандағы жұлдыздар неге құлайды?»,- дедім. Сонда анам: «Өзің қалай ойлайсың, қызым?»,- деді. Сол кезде мен сәл ойланып, «мүмкін, аспанда жұлдыздар көп болған соң, ол жерге жұлдыздар сыймағаннан құлап қалатын шығар» дегенім есімде. Қазір ойлап отырсам, ол кезде мен бастауыш сынып оқушысы болсам да, айналама қызығып, сол туралы бір мағлұмат білгім келіп, ойланып, өзімше тұжырымдап, кішкентай зерттеулерге қызығатынымды байқаған анам да, мені бірден қағып тастамай, өзімнің ойлануыма мүмкіндіктер жасап, сан түрлі сауалдарыма шыдамдылық танытқанын енді түсініп жүрмін. Бала не нәрсе болса да өзі ойлана білуі маңызды. Кішкентай ғана жұмыс болса да, ізденсе, жетістікке жете алады. Ал сол ой оны биік шыңға жетелейді. Жалпы балалармен жүргізілетін көптеген логикалық тапсырмалар ойлау дағдысын дамытады, еркіндікке жетелейді, жауапкершіліктері артады. Бұл тек мектепте ғана емес, сонымен қатар, күнделікті өмірмен де байланысып жатқаны абзал. Өйткені баланың көп уақыты ата-анасымен өтеді. Бала достарымен ойнайды, серуендейді. Сол кезде олар табиғатты, айналаны, өздерін қоршаған ортасын танып біледі. Ол үшін білікті, шығармашыл ұстазы шәкіртіне қажеті білімді өміріне азық ретінде дестелеп берсе, оқушы одан керегін ала алады, одан әрі ізденеді. Сондықтан да мен тәжірибеден өту барысында логикалық есептерді көп қолдануға тырысамын. Бұл сабақ барысында оқушылардың еркін жұмыс жасай білуіне, өздігінен шешім қабылдай алуына, суреттер мен сызбаларды пайдаланып есептер құрастыра алуына, ойлау қабілеті арқылы зейінін тұрақтандыруға септігін тигізеді. Мектеп оқушыларының ұялы телефондарын сабақта қалай тиімді қолдану қажет екендерін әрдайым естеріне салып отырамын. Үзілістерде бірге әр түрлі бағдарламалар арқылы логикалық ойындар, тапсырмалар орындаймыз. Жалпы әр нәрсені бала санасына қажетті зат ретінде пайдалануларына жәрдемдесемін. Өйткені бала өзі түсінбейінше, нәтижесі болмайтынын олар да жақсы түсінеді, біледі және де маған көмектеседі. Ал мен, олардың болашақ ұстазы ретінде, қиялдарына қанат бітіріп, ойлау, таным қабілеттерін жетілдіріп, тапқырлыққа баулитын боламын.
Менің қазіргі оқу орнымдағы ұстаздарымнан үйренгенімдей, үйренетінім де көп. Шәкірттік өмірде осындай ұстаздың алдын көргенім үшін қуанамын.
Ақырын жүріп, анық бас,
Еңбегің кетпес далаға.
Ұстаздық еткен жалықпас
Үйретуден балаға.
- деп ұлы Абай ақын жырлағандай, менің жалықпай жасаған еңбегімнің, «Тәуекел» деп бастаған ісімнің жемісі де, жеңісі де – ол менің оқушыларым!


Колледжге тапсырылатын құжаттар:

-Білімі туралы құжат (түпнұсқа)
-Медициналық анықтама (075У-формасы)
-4 сурет (3х4)

Петропавл қ., Абай к-сі, 28 үй

e-mail: colmagzhan@mail.ru

 collegemzhumabaeva

Колледж сайты - colmagzhan.edu.kz

Документы для поступления:

-Документ об образовании (подлинник)
-Медицинская справка (075У)
-4 фотографии (3х4)

г. Петропавловск, ул. Абая 28

тел: 49-42-45, +7 777 894 2318

e-mail: colmagzhan@mail.ru

 collegemzhumabaeva

Сайт колледжа - colmagzhan.edu.kz

 

 


Текст